Атырауда ит атылғаны жөнінде жалған құжатпен кәсіпкерге ақша аударылған

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау ветеринарлары ит атылғаны жөнінде жалған құжатпен кәсіпкерге қаржы аударған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының прокуратурасы анықтағандай, ветеринария органдары ит атылғаны жөнінде жалған құжаттар ұсынған. Жалған құжат арқылы кәсіпкерге бюджеттен қаражатын аудару фактісіне байланысты тиісті қадағалау актісі енгізілген.

Бюджетке келтірілген залал толықтай өтеліп, жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапқа тартылған.

«Соңғы кезде Атырау қаласында иттердің адамдарға, әсіресе, кәмелетке толмағандарға шабуылдауы жиіледі. Биылғы жыл басынан 112 адамды ит қабу дерегі тіркелді. Оның ішінде кәмелетке толмаған 70 жасөспірім бар. Осыған байланысты қала прокуратурасы уәкілетті органдардың тарапынан бұралқы иттерді аулау бағытындағы жұмыстың нәтижесіздігіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының тиісті орындалмауына байланысты ұсыныс енгізді. Соның нәтижесінде прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінен арнайы мобильді топ құрылып, кешенді шаралар жоспары бекітілді», - деді қалалық прокуратурадан.

Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, адамдарды ит қауып алу дерегі әлі де тыйылған жоқ. Сол себептен, прокуратура ата-аналарға балаларын қоғамдық орындарда ерекше бақылауға алу қажеттігін ескертіп отыр.

Ал Атырау қаласының прокуроры жануарларды қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын, оның ішінде бұралқы иттерді аулау мәселесін жеке бақылауына алды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қаңғыбас ит талаған 5 жасар қыз ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар