Атырауда «Іскер ана» жобасы аясында 46 ана марапатталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Іскер ана» жобасы аясында Атырауда 46 әйел марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Іскер ана» жобасының алғашқы гранттар байқауында осы жылғы шілде айының 15-нен тамыз айының 15-не дейін оқудан өткен 250 анаға жаңа мүмкіндіктер берілді. Ең қызығы, 78 әйелдің өтініші электрондық нұсқада келген. Комиссия шешімімен олардың арасында 46 қатысушы таңдалды. Оларға кәсіптерімен айналысуға арналған қажет болатын құралдар берілді.

Марапаттау рәсіміне қатысқан облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембаевтың айтуынша, жыл қорытындысы бойынша жобаның үздік қатысушыларына ынталандыру сыйлықтарын беру жоспарланып отыр.

«Бағдарлама шарттарына сәйкес, оқудан өткен, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген және арнайы бизнес жоспарлары бар келіншектерге ақшалай түрде грант беру қарастырылған. Үй шаруасындағы әйелдер ғаламторды пайдалана отырып, өз кәсібімен айналысуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, сәйкес мамандықты иеленіп, әртүрлі сауда алаңдары арқылы кондитерлік өнімдерді сатып, табыс тауып отырған әйел адамдар бар. Тігін тігіп, тоқыма тоқып, өзге де қызметтерін ұсынып отыр. Мүмкін, көп ақша емес шығар, соған қарамастан жаман емес» , - деді Ж. Бисембаев.

«Іскер ана» жобасы аясында қатысушы келіншектер 10 мамандық бойынша екі апталық курстардан өтеді. Олар кәсіпкерлік, психология және маркетинг бойынша мамандардың дәрістеріне қатысады. Марапатталушылардың арасында бүгін аспаздар, бет әрлеушілер, массаж жасаушылар, шаштараздар, тігіншілер, маникюр мамандары болды.

Соңғы жаңалықтар