Атырауда Индербор кенті карантинге жабылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Индер ауданының орталығы – Индербор кенті 2 шілдеге дейін карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Индер ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Шолпан Ержанованың қаулысында айтылған.

«Индербор кенті аумағында 2020 жылдың 2 шілдесіне дейін карантиндік шектеу шаралары жариялансын. Индербор кенті аумағына аудан орталығында жұмыс жасайтындарды, шұғыл медициналық көмекке жүгінгендерді қоспағанда, аудан аумағындағы ауылдық округтерден, басқа да қалалар мен аудандардан көліктердің, азаматтардың кіріп-шығуына тыйым салынсын. Индербор кентінің кіреберістеріне блокпостар қойылсын» делінген құжатта.

Қаулыға сәйкес, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас берулер), соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, қоғамдық орындарға, оның ішінде алаңдарға, саябақтарға, жағалауларға баруға, меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, діни нысандардың қызметіне және халықтың онда баруына тыйым салынған.

Бұдан бұрын Атырауда карантиндік шектеу қайта күшейтілді.



Соңғы жаңалықтар