Атырауда халықты емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Науқан 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы бүгін ӨКҚ өткен баспасөз жиынында Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «ӘМСҚ» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының басшылары баяндады.

2018 жылдың 15 қыркүйегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы жыл сайынғы халықты емханаға тіркеу науқанын бастады. 

«Облыс бойынша 624 мың адам емханаларда тіркеуде тұр. Өткен жылғы тіркеу нәтижесінде 1725 адам ішкі тіркеуге тұрса, басқа өңірлерден келген 579 адам емханалар есебіне алынды. Қазіргі таңда халыққа барынша қолайлы жағдай жасалған. Әр азамат өз еркі бойынша емхана таңдау құқығына ие. Аталған тіркеу науқанында емханада тіркелмеген тұрғындар тіркеуге тұрып, жұмыс орны, тұрғылықты жері немесе оқу орнын ауыстырған азаматтар емхана ауыстыра алады. Тұрғылықты мекен-жайына жақын орналасқан емханаға тіркелу тұрғындар үшін де, дәрігерлер үшін де қолайлы болады. Тұрғындардан науқанға белсенді қатысуын сұраймыз»,- дейді филиал директоры Байтолла Ғазизов.

Сонымен қатар, қазіргі таңда облыста қосымша учаскелік емханалар саны артқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, жаңа учаскелердің ашылуы өте тиімді.

«Заң бойынша бір практик дәрігер есебінде тұратын халық саны 1700-ден аспауы керек. Өткен жылы облыс бойынша бір дәрігерге 2560 адамнан келсе, бүгінге дейін жаңа бөлімшелер ашылып, тіркелген адам санын 2200-ге түсірдік. Қазіргі таңда жыл соңына дейін тағы 35 дәрігерлік бөлімше ашуды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 1 дәрігерге 1850 адамнан тіркелетін болады»,- дейді басқарма басшысы. 

Емханаға тіркеудің үш түрлі жолы бар:

- таңдап алған емханаға тікелей бару,

- электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде,

- Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Connection point бөлімі арқылы.

Емханаға тіркелу үшін тұрғындар жеке төлқұжатын апарып, емхананың бас дәрігерінің атына өтініш жазады. Ал, өзі таңдаған емханаға ауысқысы келетіндер үшін жеке куәлік жеткілікті. Басқа қалалардан немесе мемлекеттен келгендер үшін бұрынғы тіркеу орнынан анықтама талап етіледі.

Соңғы жаңалықтар