Атырауда фермерлер «Дәрігерлерге – шаруагерлерден» қайырымдылық акциясын бастады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау облысының фермерлері «Дәрігерлерге – шаруагерлерден» қайырымдылық акциясын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың айтуынша, акцияның басты мақсаты – ақ халатты абзал жандарды табиғи таза өніммен қамту, қолдау көрсетіп, демеу болу. Осы мақсатты көздеген өңір фермерлері аталған акцияға белсенділікпен қатысуда.

«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтанов 1 миллион теңгеге бағаланған 15 қойдың етін жіберді. Оны әр ауруханада жұмыс істейтін, сондай-ақ, оқшауланған медицина қызметкерлеріне беріп жатырмыз. Жылыой ауданының шаруагерлері 175 литр шұбат пен 67 литр қаймақ, 1,5 тонна көкөніс, дәрумені мол жеміс өнімдерін ұсынды. Фермерлер тарапынан ұйымдастырылған көмектің алғашқы легі Атырау қаласындағы барлық медицина ұжымына, сондай-ақ, карантинге оқшауланған медицина қызметкерлеріне, Сәбилер үйіне жеткізілді. Өнімнің бәрі – табиғи. Бұл қазіргі қиын шақта ақ халаттыларға қуат береді деп сенеміз» - деді Мұрат Сарманов.

Оның айтуынша, «Дәрігерлерге –шаруагерлерден» қайырымдылық акциясы карантин аяқталғанға дейін жалғасады. Фермерлер апта сайын медицина қызметкерлерін табиғи әрі таза өнімдермен қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар