Атырауда есірткіні көшедегі көліктің терезесінен сатқан

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда есірткіні көшедегі көліктің терезесінен сатқан. Оны жедел басқару орталығының қызметкерлері камера арқылы байқаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл дерек жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:35 шамасында бейнебақылау камерасына түскен.

«Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камерасы арқылы Авангард шағынауданында «Skoda» маркалы көліктің терезесінен әйелдің төрт ер адамға белгісіз нәрсені бергенін байқаған. Орталық қызметкерлері жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне тиісті мәлімет берген. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған автокөлікті Жерұйық шағынауданы тұсынан тоқтатты. Тексеру кезінде аталған көлік жүргізушісінің алькогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде екені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша 1992 жылғы жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот шешімімен көлік жүргізушісі 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Ал, көлікте отырып, психотропты дәрі сатқан әйелден 13 дана трамадол мен 5 дана тропикамид психотропты дәрілері тәркіленді. Оған қатысты шешім шығару үшін медициналық сараптама тағайындалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көлігімен 17 келі марихуана тасымалдаған жүргізуші қамауға алынғанын жазған едік.

Көлік жүргізушісі «Атырау-Ақтөбе» тасжолының 30-шақырымында тотатылған. Оның басқаруындағы «Toyota Ipsum» маркалы көлігінен жалпы салмағы 17 келі тартатын марихуана табылған. Есірткі заты тәркіленді.

Кейін Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан Нигерия азаматы ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Шетел азаматы айғақ заттармен ұсталды. «Shevrolet cruze» маркалы автокөлігін тінту кезінде әрқайсысы бөлек таспаға оралған 5 дана полиэтилен қап тәркіленді. Сараптама нәтижелерінің қорытындысымен тәркіленген заттың жалпы салмағы 5 гр «мефедрон» синтетикалық есірткісі екендігі анықталды.

Есірткі тасымалдаған шетелдікке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Атырау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар