Атырауда есірткіге еліткен жүргізуші әйелдің сөмкесінен психотропты дәрілер табылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда есірткіге еліткен жүргізуші әйелдің сөмкесінен психотропты дәрілер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, патрульдік полиция қызметкерлері бүгін, 30 қарашада сағат 4:50 шамасында «ВАЗ-2114» көлігін тоқтатқан.

«Атырау қаласындағы «Мұнайшы» шағын ауданында «ВАЗ-2114» автокөлігін тексеру кезінде жүргізушінің есірткілік мас күйде екені анықталды. Көліктің рулінде Өзбекстан Республикасының 1992 жылғы азаматшасы болған. Жүргізуші медициналық сараптамадан өткізілді. Сараптама қорытындысымен шетелдік жүргізуші әйелдің есірткілік мас күйде болғаны дәлелденді. Аталған азаматшаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданды. Тексеру кезінде әйелдің қол сөмкесінен әр түрлі 34 дана психотроптық дәрі-дәрмек табылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір көлікті есірткіге еліткен күйде жүргізген әйелге қатысты №2 Атырау қалалық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда психотропты дәрі-дәрмек сатқан ерлі-зайыпты ұсталғанын хабарлаған болатынбыз. Пәтерде әсері қатты дәрі-дәрмек сатумен айналысқан 1982 жылғы әйел мен 1987 жылғы ер адам ұсталған. Ерлі-зайыптының пәтерінен тек дәрігер белгілеген рецептімен ғана берілетін 171 трамадол, 97 тропикамид дәрі-дәрмегі тәркіленген. Күдікті әйел адам бұрын да дәл осындай құқықбұзушылық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған.


Соңғы жаңалықтар