Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан Нигерия азаматы ұсталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда синтетикалық есірткіні тасымалдаумен айналысқан Нигерия азаматы ұсталды. Шетелдік уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырауда Нигерия Федералдық Республикасының азаматы синтетикалық есірткі заттарын сақтау және тасымалдаумен айналысып келген.

«Полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе жүргізген «Қарасора-2022» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде нигериялық 1998 жылғы азаматтың есірткі тасымалдаумен айналысқанын анықтады. Шетел азаматы айғақ заттармен ұсталды. «Shevrolet cruze» маркалы автокөлігін тінту кезінде әрқайсысы бөлек таспаға оралған 5 дана полиэтилен қап тәркіленді. Сараптама нәтижелерінің қорытындысымен тәркіленген заттың жалпы салмағы 5 гр «мефедрон» синтетикалық есірткісі екендігі анықталды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған күдікті Атырау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Шетелдік есірткі тасымалдаушыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көлігімен 17 келі марихуана тасымалдаған жүргізуші қамауға алын болатын.

Тәртіп сақшылары «Қарасора» жедел алдын алу шарасы кезінде «Атырау-Ақтөбе» тасжолының 30-шақырымында «Toyota Ipsum» маркалы көлікті тоқтатқан.

Көлікті тексеру кезінде жалпы салмағы 17 келі тартатын марихуана табылған. Есірткі заты тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар