Атырауда ел аумағынан өз еркімен шығудан жалтарған шетелдікке айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ел аумағынан өз еркімен шығудан жалтарған шетелдікке айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Армения Республикасынан келген әйел еліміздің көші-қон заңдылығын бұзған.

Шетелдік әйел 2019 жылғы қарашада ел аумағына өтіп, Атырау қаласына келген. Алайда, көші-қон заңдылығында белгіленген мерзім өткеннен кейін 10 тәуліктен асатын кезең ішінде елден шығып кетуден жалтарған.

«Еліміздің көші-қон туралы заңнамасын бұзған Армения Республикасының азаматшасы М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сот отырысында М. өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Сот қаулысымен М. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 86 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу жазасы қолданылды», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында уақытша тұру үшін 12789 шетелдікке рұқсат берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Кейін Атырау облысында уақытша тұруға рұқсат берілген шетелдіктер қатары көбейгенін жазған едік.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы жыл басынан бері 17 337 шетелдікке уақытша тұруға рұқсат берілген. Оның ішінде 2 514 адам алыс шетелдерден келгені анықталған. Сондай-ақ, ТМД елдерінен келген 14 823 адам тіркелген.


Соңғы жаңалықтар