Атырауда екі күннен бері иісі сезіліп тұрған түтіннің ошағы анықталмай жатыр

None
АТЫРАУ. Қ азАқпарат – Атырауда екі күннен бері түтіннің иісі сезіліп тұр. Алайда, түтіннің қайдан шыққаны анықталмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау тұрғындары әлеуметтік желіде түтіннің иісі туралы жарыса жазып жатыр. Тұрғындардың пікірінше, түтіннің иісі 29 қаңтарда сезілген.

Алайда, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің байланыс тобынан мәлім еткендей, Каспий жағалауы мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағынан өрт ошағы анықталмаған.

«Департаменттің жедел кезекшісі 30 қаңтарда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына телефон арқылы хабарласты. Алайда, резерват аумағында ешқандай өрт оқиғасы тіркелмегені белгілі болды. Ал, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның ғарыштық мониторингі арқылы әуеден барлау кезінде Атырау облысының аумағында ешқандай өрт ошақтары анықталған жоқ. Облыстың барлық ауданында да дерегі тіркелмеген», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Кеше, 30 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 20:00 -де қараңғы түсуіне байланысты барлау жұмыстары тоқтатылды. Енді бүгін, 31 қаңтарда Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкері мен 3 техникасы өрт ошақтарын анықтау мақсатында барлау жұмыстарын жүргізетін болады.

«Атырау қаласының аумағында 30 қаңтарда 6 өрт оқиғасы тіркелген еді. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер өрт ошақтарын уақытылы жойды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий теңізінің жағалауындағы 3 гектарда қамыс өрті әлі бықсып жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар