Атырауда екі күнде 130-ға жуық адам карантин шектеулерін бұзған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері екі күнде карантин шектеулерін бұзған 130-ға жуық азамат пен бірнеше сауда орнының иелерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5-6 шілдеде қатаң карантиннің сақталуына рейд жүргізілген.

«Рейд кезінде «Нұрсая» ықшамауданындағы үйлердің бірінің жанында орналасқан жеміс-жидек сататын дүңгіршек, осы ықшамаудандағы екі супермаркет, азық-түлік дүкені, самса сату орны, мейрамхана иелеріне қатысты іс-құжаттар жасақталды. Сонымен қатар, Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 4 шілдедегі қаулысының 5-тармағындағы «сенбі, жексенбі және мереке күндері жеке автокөлік қозғалысына толықтай тыйым салу» туралы шектеуді бұзған 127 азамат анықталды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жинақталған құжат шешім қабылдау үшін Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда косметикалық клиника тапшы дәрі-дәрмекті заңсыз сатып келгенін хабарлап едік.

Соңғы жаңалықтар