Атырауда екі кәсіпорынға ауаны ластағаны үшін 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі кәсіпорынға ауаны ластағаны үшін 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласы тұрғындарының атмосфералық ауаның ластануына шағымы көбейген. Осыған байланысты құрылған мобильдік топ құрылған түнгі уақытта атмосфералық ауа сынамасын алады.

«Атмосфералық ауаға мониторинг Атырау қаласының селитебті аймағындағы 29 нүктеде, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында 17 нүктеде ұйымдастырылды. Биылғы 10 айдың қорытындысымен санитариялық-гигиеналық зертхана селитебті аймақтан 24 ингредиентке 8 038 рет сынама алып, тексеру жүргізді. Мәселен, Атырау қаласында алынған 15 сынамада (0,3%), Құлсары қаласынан алынған 4 сынамада (0,1%) атмосфералық ауада зиянды заттардың мөлшері жоғары екені (керосин-5, бензин-1, күкірт диоксиді-8, изопропил бензол-4, С1-С5 көміртегі-1) екені анықталды. Атмосфералық ауаны ластаушы нысандарды анықтау үшін жұмыс тобы құрылды. Топ құрамында құзыретті органдар мен мүдделі тұлғалар енгізілді. Атырау облысы бойынша экология департаментінің қатынас хаты негізінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» мен «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС-ға көмірсутегінің, көміртегі оксидінің және көмірсутегінің шекті рұқсат етілген көрсеткішінен асу дерегімен 5 млн 880 мың 960 теңге айыппұл салынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар