Атырауда екі ер адам дүкеннен 200-ден астам бұқтырылған ет консервісін ұрлаған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі адам дүкеннен 200-ден астам бұқтырылған ет консервісін ұрлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ер адам дүкеннен күн сайын 15-20 ет консервісін ұрлап келген.

«Күдіктілер дүкеннен 200-ден астам «Кублей» бұқтырылған ет консервісін қолды етіп, 380 мың теңгеге жуық залал келтірген. Дүкен иесі тауарларды санап, жеткіліксіз екеніне көз жеткізген соң бейнебақылау камерасын тексерген. Онда екі ер адамның ет консервілерін сөмкеге салып алып шыққаны түсіп қалған» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысты күдікке ілінген екі ер адамды анықтады. Оның бірі – бұрын сотталған 1990 жылғы азамат, екіншісі – 26 жастағы жігіт.

«Қазір 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлімі, 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталды» -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Ал, екінші күдікті іздестіріліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда велосипед ұрлаған жігітке қатысты 11 қылмыстық іс тіркелген болатын.


Соңғы жаңалықтар