Атырауда екі айда салынған модульді инфекциялық аурухана ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында екі айда салынған модульді типтегі инфекциялық аурухана пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа аурухана NCOC компаниясының демеушілігімен бой көтерген. Онда 8 блок пен 10 қосалқы нысан бар. Аурухана ғимараты Германияның «Modex» зауытында шығарылған модульдік темірбетон блоктардан құрастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 8924 шаршы метр.

Ауруханада диагностика мен емдеу үшін заманау компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету аппараттары және басқалармен қамтылған. Медициналық мекемеде қауіпсіздік деңгейі жоғары ақылды желдету жүйесі орнатылған. Палаталарда әр төсекте медбикені шақыру түймесі бар. Оқшауланған бокстарға арнайы чиптер арқылы ғана кіруге болады. Мұнда жергілікті медицина қызметкерлерімен қатар Грузия республикасынан келген дәрігерлер алты ай бойына жұмыс жасайтын болады.


«Ең бастысы, жаңа медициналық мекеме өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Медициналық нысанда 56 екі орындық, 16 үш орындық, 6 бір орындық палата мен жеті екі орынды бокстар аулаға шығатын арнайы есіктерімен жасалған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды қоспағанда, жобаны іске асыру кезінде отандық материалдар мен тауарларды пайдалануға басымдық берілген. Инфекциялық аурухана 200 төсекке есептелген. Оның ішінде 20 орын жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне арналған.


«Пациенттерді емдеу мен диагностикалауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. ПТР зертханасы, рентген мен компьютерлік томография кабинеттері ашылды. Аурухана дәлізіне қауіпті инфекцияның таралмауы үшін палаталардың ішінде теріс қысым жасайтын арнайы сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталды. Мұнда «лас» және «таза» аймақтарға бөлінді. Ауаны терең тазартатын ORIT сүзгі қораптары орнатылды.

Аурухана аумағында жедел жәрдем көліктері дезинфекциялау пунктіне өңдеуден өткізіледі. Сондай-ақ, медициналық қалдықтарды зарарсыздандыру станциясы іске қосылды. Реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелері мембрана арқылы өткен таза су өндіру және бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге арналған диализ аппараттарымен жабдықталды. Палатадағы әрбір төсек медициналық газдар мен оттегі желісіне қосылды», – дейді басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев.


Ауруханада емделушілердің денсаулық жағдайына қашықтықтан мониторинг жүргізілетін автоматтандырылған мониторинг орталығы жасақталған. Медицина қызметкерлері емделушілердің ауру тарихын, сараптамаларды планшеттер арқылы алмасады.

Модульді инфекциялық аурухананың жобасын «Aqmol Project» ЖШС дайындаған. Ал құрылысын «BI-Industrial» ЖШС екі айға жетер-жетпес мезгілде, яғни, 18 тамыз-15 қазан аралығында жүргізген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда модульді типтегі аурухана салынып жатқанын хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар