Атырауда екі айда мейрамханалардан 73 келі бекіре табылды

None
Фото: xcook.info
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі айда мейрамханалардан 73 келі бағалы бекіре тұқымдас балық табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілген «Бекіре» жедел профилактикалық іс-шарасына 21 қызметкер тартылған.

«Атырау облысында Исатай, Құрманғазы және Жылой ауданы Каспий теңізіне таяу орналасқан. Жайық-Каспий су айдындарында бағалы бекіре балығын заңсыз аулау, сақтау деректері азаймай отыр. Осыған байланысты департаменттің балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері ұдайы рейд өткізеді. Полиция қызметкерлері 1 сәуір-31 мамыр аралығында Каспий теңізінен заңсыз балық аулаушылар мінген 3 қайықты ұстады. Заң бұзушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу тобына тапсырылды. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді тексеру кезінде 12 келі бекіре тұқымдас балығы тәркіленді. Ал, мейрамханаларды тінту барысында 73 келі бекіре балығы табылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция департаментінен «Бекіре» іс-шарасына 8 автокөлік, 7 су қайығы тартылған. Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы бөлігінде құқық бұзушылықты анықтау үшін 1 қайық бөлінген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында браконьерлерден 770 келіден астам бекіре тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.

«Бекірені заңсыз аулағандарға қатысты 28 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 11,1 млн теңгеге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 7 тонна 534 келі балық, оның ішінде 770,25 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, 29,5 келі қара уылдырық алынды. Браконьерлерден 257 балық аулау құралы, 62 су көлігі мен 12 автомашина тәркіленді. Балық ресурстарына 400 млн теңгеден астам залал келтірілді», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар