Атырауда дүкен ішінде әйелді өлтіріп кеткен күдікті іздестіріліп жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда дүкенде әйелді өлтіріп кеткен күдікті іздестіріліп жатыр. Күдікті әлі ұсталған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қылмыстық оқиға 19 қазанда таңғы сағат 07:45 шамасында болған.

«Атырау қаласының Өркен шағын ауданында орналасқан жеке иеліктегі тұрғын үй үйдің шарбағындағы дүкен ішінде әйел адамды қылғындырып өлтірген. Әйел адам 1963 жылы туған. Осы дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Адам өлтірген күдікті әлі ұсталған жоқ. Қазір полиция қызметкерлері адам өлтірген күдіктіні анықтау, ұстау үшін жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп жатыр. Жедел іздестіруге полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылған.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдарын департаменттің жедел тергеу тобы жүргізуді қолға алды. Сот медициналық-сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, күдікті үйден алтын, әшекей бұйымдарын, ақша мен өзге де заттарды ұрлап кеткен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үш адамды атып өлтіріп, тағы біреуін жарақаттаған жігіттің ісі сотқа жеткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар