Атырауда дарынды оқушыларға арнап түсірілген клип таныстырылды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда халықаралық Балалар күні қарсаңында «Дарынды балалар – еліміздің интеллектуалды ұлт болашағы» форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов халықаралық, республикалық олимпиада мен конкурстардың жүлдегер оқушыларымен кездесіп, оларды жетістіктерімен құттықтады.

«Дарынды балалар – біздің болашағымыз. Әр бала сапалы білімінің нәтижесінде жетістікке жетіп отыр. Әрине, жетістікке жету оңай емес. Білім – инемен құдық қазғандай.

Халқымыздың «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген жақсы сөзін әр кез есте ұстау қажет. Бұл – бәсекеге қабілетті ұлтпыз деген сөз. Алға қойған мақсатқа жету үшін талпынып, тек Атыраудың ғана емес, елдің мақтанышы болатындай биікке ұмтылу керек», -деді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімі 2022-2023 оқу жылында халықаралық ғылыми жоба жарыстары пәнаралық олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанған оқушыларға Алғыс хат табыстап, оларды ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Форумға қатысқан оқушылар облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Бұдан соң дарынды оқушылардың қатысуымен «Атырау дарындары» әніне түсірілген бейнеклип таныстырылды.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда пәндер олимпиадасына қатысқан атыраулық оқушылар жетістігімен үздік үштіктен көрінген. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы 42 медальмен 3-орын иеленіп, 2022 жылы 55 медальмен тағы да 3-орынға ие болған.

Ал, биыл 35 медаль иеленіп, жаратылыстану-математика бағытында 2-орынды иеленген.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық оқушылар билейтін робот құрастырғанын хабарлаған болатынбыз.

Атыраудағы Абай орталығында 7-11 сынып оқушылары үшін тегін STEAM курсы бар.

Мұнда мектеп оқушылары түрлі роботтар құрастырып, ғылыми жобалармен айналысады.

Мәселен, JasSpace кеңістігінде қосымша білім алып жүрген Құрмет Әйіпқалиев пен Дәмелі Кішібай билейтін робот құрастырған. Құрмет мұнайлы шаһардағы №28 мектептің 7-сыныбында, ал Дәмелі APEC колледжінің 1-курсында оқиды.


Соңғы жаңалықтар