Атырауда дәрігерлерге дөрекілік көрсеткен шетелдік жазалануы мүмкін

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «Дина» базарындағы вакциналау бекетінде дәрігерлерге дөрекі мінез көрсеткен шетелдік жазалануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, № 3 қалалық емхананың әкімшілігі вакциналау бекетінің медқызметкерлерін қорлағаны үшін, сондай-ақ, вакцинаның жағымсыз әсері туралы жала жапқаны үшін полицияға арыз жазған.

«Құқық бұзушының әрекеті заңсыз деп санаймын. Қазір тек біздің еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы коронавирус инфекциясына қарсы күрес жүргізуде. Өйткені, қауіпті инфекцияны тоқтаудың жалғыз жолы – вакцина алу. Сондықтан, біз – дәрігерлер тұрғындар арасында вакцинаның жанама әсері туралы жалған ақпараттың таралуымен келіспейміз. Мұндай жалған ақпаратты таратушылар жазалануы керек» - деді Атырау қалалық № 3 емханасының директоры Айман Өтегенова.

Оның айтуынша, барша қазақстандық өзінің денсаулығын, ағайын-туысы мен әріптестерін қауіпті вирустан қорғаудың маңызды екенін түсінуі тиіс.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дәрігерлерге дөрекі мінез көрсеткен шетелдікке қатысты түсінік берілгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар