Атырауда дәрігерлерге дөрекі мінез көрсеткен шетелдікке қатысты түсінік берілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы «Дина» базарындағы бекетте вакцина алу кезінде дәрігерлерге дөрекілік танытқан шетелдікке қатысты түсінік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасының 1998 жылы туған азаматы биылғы 16 маусымда «Спутник V» вакцинасының I компонентін ектірген.


Содан кейін жігітте жанама әсерлер мен асқынулар тіркелмеген.

«Бұл азамат 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 15:00-де вакцинаның ІІ компонентін салдырған. Алайда, вакцинаны алғанға дейін кезекте тұрған шетелдік азамат медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытқан. Вакцинаның жанама әсері туралы арандату мақсатында бейнежазба түсіремін деп қорқытқан. Демалыс бөлмесінде 30 минуттай уақыт болып, үйге жіберілді» - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, кеше, 14 шілдеде жергілікті уақытпен 18:30-да «Дина» базарынан жедел жәрдем қызметіне қоңырау түскен.

Онда диспетчерге вакцинациядан кейін бір адам ауырып, құрысу белгілері байқалғаны хабарланған.

«Жедел жәрдем үш сағат бұрын вакцина алған және дәрігерлерге дөрекілік танытқан Өзбекстан азаматына шақырылғаны белгілі болды. Шетелдік жігіт облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Ол 30 минуттан кейін үйіне жіберілді. Себебі, оның жағдайы тұрақты, ауруханаға жатқызуға нақты дәйек болған жоқ. Осыған байланысты тұрғындардан арандатушылыққа ден қоймай, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 121 мыңнан астам вакцина алған еді.


Соңғы жаңалықтар