Атырауда далаға төгілген катализаторға ұқсас қалдықтар жартылай көмілген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпара – Атырауда далаға төгілген катализаторға ұқсас қалдықтар жартылай көмілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мұнайлы шаһар аумағына зиянды қалдықтарды заңсыз төгу дерегіне мониторинг жүргізілген.

«Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірге қоршаған ортаны қорғау заңнамасының сақталуына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді. Заңсыз қалдықтарға қатысты мониторинг нәтижесінде Атырау қаласының сырт жағында ашық алаңға қауіпті қалдықтар қатарына жатқызылған пайдаланылған катализаторға ұқсас қалдықтар төгілгені анықталды. Қалдықтар шамамен 2000 шаршы метр жерге жартылай көмілген. Катализатор «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің мұнайды терең өңдеу өндірісінде пайдаланылатын қоспа екені белгілі. «Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Атырау қаласындағы филиалының жүргізген зертханалық талдау қорытындысымен далаға төгілген қалдықтардың құрамында никельдің біраз мөлшері бар екені анықталды. «Грейс Казахстан Каталистс» ЖШС-нің «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не ұсынған анықтамасына сәйкес, пайдаланылған катализор құрамындағы никель өлшемі 5000 ппм құраған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Қазір экологтар мен Атырау облысының табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері қауіпті қалдықты төккен мекемені анықтау үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылғанын, кейін мұнайға ұқсас сұйықтық ағып жатқан аумақ қоршалғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Атырау облысында далаға тағы да лас су төгіліп жатқанын, экологтар су мен топырақтан сынама алғанын жазған болатынбыз.

Фото: Атырау облыстық экология департаменті


Соңғы жаңалықтар