Атырауда дағдарыс орталығына жыл басынан 24 әйел мен 63 бала түскен

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жыл басынан дағдарыс орталығына 24 әйел мен 63 бала түскен. Қазір орталықта 5 ана мен 16 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзинаның айтуынша, мұнайлы шаһарда 2012 жылдан дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұндай орталықтар Жылыой және Құрманғазы ауданында бар. Енді Исатай ауданында отбасын қолдау және дағдарыс орталығын ашу көзделген.

«Қиындыққа ұшыраған әйелдер мен олардың балаларына психологиялық, құқықтық, медициналық көмек көрсетіледі. Жыл басынан орталыққа 24 әйел мен 63 кішкентай бала түсті. Қазір олардың саны азайып, 5 ана мен 16 балаға көмек көрсетіліп отыр», - деп мәлім етті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары Айбаршын Иманғалиева.

Жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әйгерім Орақбаеваның мәліметінше, зәбір көргендерден күніне 20-25 хабар түседі.

«Жыл басынан отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға байланысты түскен шақырту 2 мыңнан асып отыр. Отбасында кикілжің шығарып, зәбір көрсеткен 677 адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Әйгерім Орақбаева.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 11 бала үй кезегіне қойылмағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар