Атырауда «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Совет Одағының Батыры, генерал-майор И.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі. Оны Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынды. Бұл эстафета республикалық маңызы бар үш қала мен облыс орталықтары және шағын жеті қалада өтеді.

Атырау –биылғы 5 ақпанда Алматы қаласынан бастау алған эстафетаны қабылдаған сегізінші қала. Ту көшірмесін қабылдау шарасына полиция, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, соғыс ардагерлері, мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шарада Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әділхан Байдосов, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақыт Алазов Жеңісті жақындатқан майдангерлердің ерлігі туралы әңгімеледі. Содан соң Ұлттық Ұланның 5547 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Нұрлан Шегеновтен Атыраудағы 5546 әскери бөлімі командирінің орынбасары, майор Тимур Рахимов жауынгерлік ту көшірмесін қабылдап алды.

Әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Ұлттық Ұланның 5546 әскери бөлімінің жауынгерлері салтанатты шерумен өтіп, ардагерлерге әскери форматта сәлемдесті.

Енді жауынгерлік туды атыраулық әскерилер Маңғыстаудағы әріптестеріне табыс етеді.


Соңғы жаңалықтар