Атырауда биыл тағы 288 пәтер пайдалануға беріледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінімдер қабылдау жалғасады.​ Атырау қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы транспорты және автожолдар бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап​.

«Биыл Атырау қаласында төрт тұрғын үй, яғни, 288 пәтер пайдалануға беріледі. Құрылыстың бітуіне қарай, тұрғындарға пәтерлер кезек ретімен беріле бастайды. Тұрғын үй кезегін азаматтар электронды үкімет порталы арқылы бақылайды», - дейді Рафхат Жолдиев.

Оның айтуынша, былтыр Атырауда «7-20-25» бағдарламасына қатысуға 708 адам өтінім берген.
«Бұдан бөлек, ​ «Бақытты отбасы» бағдарламасына 200 өтінім келіп түсіп, 70 отбасының өтінімі мақұлданды. Аталған бағдарлама биыл да жалғасып жатыр. «Бақытты отбасы» ​ бағдарламасы бойынша наурыз айында өтінімдер қабылдауды бастаған болатынбыз. Бірақ, елімізде төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты, өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс қайта қалпына келтірілуде «, - дейді Рафхат Жолдиев.​

Еске сала кетелік, былтыр Атырау қаласында 246 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 173 пәтер көпбалалы отбасыларға берілді. Биыл төтенше жағдай енгізілгенге дейін Атырауда 89 отбасы баспаналы болды.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Атырауда 21 мың тұрғын пәтер кезегінде тұр. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетімдер, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері және тұрғылықты үйлері апатты жағдайда тұрған азаматтар бар.​


Соңғы жаңалықтар