Атырауда биыл 13 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда сегіз көп қабатты тұрғын үйде терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары аяқталады. Тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу жұмыстарын тамыз айының басында аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл терможаңғырту бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары 8 үйде, атап айтсақ, Авангард ықшамауданында, Қ.Сәтбаев көшесі мен Вокзал маңы ықшамауданында басталды. Тамыз айының басында мердігерлер 8 үйді ПИК-ке тапсырады. Қазір Авангард-2 ықшамауданындағы №15 көп қатарлы тұрғын үйде жөндеу жұмыстары бітті.

«Мұнда жұмысшылар үйдің шатырын, электр сымдар жүйесін ауыстырып, кіреберістерді әктеді, домофон орнатты, ыстық, суық су жүретін құбырларды жөндеді, жертөлені құрғатып, жөндеуден өткізді. Мердігер мекеме, сондай-ақ, кәріз құбырларын ауыстырып, барлық кіреберістерге жылу есептеуіштерін орнатты. Енді тұрғындардың жылу шығындары үнемделетін болады. Терможаңғырту бағдарламасы аясында тұрғын үйдің қасбеті толық боялып, балконның сыртқы жағына металпрофиль орнатылды, кіреберістердің терезелері ауыстырылды», - дейді «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС басшысының орынбасары Рүстем Қабдол.

nullСонымен қатар қайтарылған қаражат есебінен облыс орталығындағы тағы да 4 тұрғын үйде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мұнда да барлық коммуникациялар жаңартылып, шатыр жабындысы ауыстырылады. Ертеректе салынған алты тұрғын үйге жеделсаты орнату да жоспарда бар.

«Биыл жыл аяғына дейін 13 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жасауды жоспарлап отырмыз. Оның жетеуінде коммуникациялар жаңартылады, Б.Момышұлы көшесіндегі үш үйге, Қ.Сәтбаев көшесіндегі 52, 54, 56 үйлерге барлығы алты үйге жаңа лифт орнатылады», - дейді Р. Қабдол.

nullАйта кету керек, биыл терможаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 430 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 70 пайызы игерілді, алдағы қыркүйек айында қаражат толық игеріледі.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар