Атырауда бірнеше үйге ұрлыққа түскен екі күдікті қамауға алынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бірнеше үйге ұрлыққа түскен екі күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласында ұсталған қылмыстық топтың құрамында 29 және 23 жастағы екі күдікті болған.

«Алдын ала сөз байласқан екі күдікті 13 қазанда сағат 15:00 шамасында «Өркен» шағын ауданындағы үйлердің біріне сыртқы пластикалық терезесін ығыстыру арқылы кірген. Сөйтіп, 1984 жылғы азаматшаның ішігін, бағалы қол сағатын, спорттық аяқ киім мен «Самсунг» маркалы ұялы телефонын ұрлаған» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Күдіктілер ұрлық жасаған үйден бой тасалап, қашып кеткен. Ұрлықтан салдарынан жәбірленушіге 535 мың теңге материалдық шығын келтірілген.

«Екі күдікті бұдан соң 18 қазан күні сағат 13:30 шамасында «Өркен» шағын ауданындағы тағы бір үйге пластикалық терезесі арқылы кіріп, ұрлыққа түскен. Бұл жолы 37 жастағы әйелдің үйінен «Самсунг» маркалы теледидарын, ютуб каналын жалғауға арналған жабдықты, құндыз терісінен тігілген ішікті, бағалы күртеше мен смарт-сағатты ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушіге материалдық келтірілген шығын – 605 мың теңге» -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері ұрлық дерегіне байланысты жедел іздестіру шараларын жүргізіп, екі күдіктіні ұсталды. Күдіктілерден айғақ заттар тәркіленіп, тергеу изоляторына қамауға алынды.

«Екі күдіктінің бұрын ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстарымен сотты болғаны белгілі болды. Қазір күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2 және 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы анықталуда» -деп пікір білдірді баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 24 жастағы жігіт біреудің көлігін айдап кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар