Атырауда бір күнде 3,4 млн теңге айыппұлы төленбеген 12 жүргізуші ұсталды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бір күнде 3,4 млн теңге айыппұлы төленбеген 12 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 12 жүргізушінің 3 млн 450 мың теңге айыппұлын төлемей жүргені анықталған.

«Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының қызметкерлері Interceptor жүйесі арқылы айыппұл төлемеген 12 жүргізушіні анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берді. Мәселен, Mercedes Benz маркалы көлігі жүргізушісінің 1 млн 338 мың теңге төленбеген 48 айыппұлы бар. Бұл көлік Армения Республикасынан әкелінген. Ал, Грузиядан жеткізілген Lexus көлігі жүргізушісінің төлемей жүрген 29 айыппұлының сомасы – 667 734 теңге. Патрульдік полиция қызметкерлері айыппұлы төленбеген автокөліктердің жүргізушілерін тоқтатып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес хаттама толтырды. Көліктер арнаулы тұраққа қойылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал, 20 жастағы жүргізуші сағат 1:40 шамасында бірнеше мәрте жол ережесін бұзғаны анықталып отыр.

«Көлік құралын басқару құқығы жоқ жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай, Әбілхайырхан даңғылында, Х. Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежай тұрағында жол жабындысын ластап, жолда жүру қауіпсіздігін қадағаламай, маневр жасау ережесін бұзған. Патрульдік полиция қызметкерлері 20 жастағы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 612-бабының 2-бөлімімен (Көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның оны басқаруы), 593-бабының 2-бөлімімен (Қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамау), 630-бабының 1-бөлімімен (Жолдарды, оның ішінде жол жабындысын ластау), 595-бабының 1-бөлімімен (Маневр жасау қағидаларын бұзу), әкімшілік хаттамалар толтырды», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Жүргізушіге 98 016 теңге көлемінде айыппұл салынды. Автокөлік арнаулы тұраққа қойылды.

Еске сала кетелік, Атырауда 20-ға жуық адамның 3 млн теңгесін жымқырған алаяқ ұсталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар