Атырауда бір ай өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған әйел емделіп шықты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өкпесі 96 пайыз қабынып, бір ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған әйел емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 59 жастағы Алтын Төлегенова маусым айының басында Индер аудандық ауруханасына түскен.

Жағдайы нашарлаған соң Атырау қаласындағы модульдік аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылған.

«Жансақтау бөлімінде келгенде екі жақты пневмония, өкпенің 96% қабынуы деген диагноз қойылды. Бір ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы жаттым.

Дәрігерлердің күш-жігерінің нәтижесінде қауіпті вирустан аман қалдым. Мені бейінді бөлімшенің палатасына ауыстырды, онда емдеуді жалғастырдым», - дейді Алтын Төлегенова.

Бүгін, 10 тамызда Алтын Төлегенова модульдік аурухананың инфекциялық стационарынан шығарылды. Қазір оның өкпесі 12% зақымданған. Енді үш ай бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерлердің бақылауында болады. Сондай-ақ, арнайы оңалтудан өтеді.

«Мен 10 күн бойы оттегі концентраторының көмегімен дем аламын. Содан кейін дәрігерлердің бақылауымен өкпенің жұмысын қалпына келтіремін. Осы орайда емделу кезінде дәрігерлерге көрсеткен қамқорлығы мен жылы сөздері үшін алғысымды білдіргім келеді. Ал, тұрғындардан туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін

бетперде киіп, адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұраймын», - дейді Алтын Төлегенова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда өкпесі 90 пайыз қабынған әйел емделіп шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар