Атырауда бір аптада жүргізуші куәлігінсіз рульге отырған 11 адам ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бір аптада жүргізуші куәлігінсіз рульге отырған 11 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, патрульдік полиция қызметкерлері соңғы аптада жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік жүргізген 3, көлік құралын басқару құқығы болмаса рульге отырған 11 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

«Мәселен, 31 тамызда сағат 10:12 шамасында облыс орталығындағы Азаттық даңғылы мен Ө.Атамбаев көшесінің қиылысында Ресей Федерациясында тіркелген «Ваз-211440» маркалы автокөлігі тоқтатылған. Тексеру кезінде 29 жастағы азаматтың бұрын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабымен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Құқық бұзушыға аталған кодекстің 612-бабының 3-бөлімімен (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғаның көлік құралын басқаруы) әкімшілік хаттама толтырылды. Атырау қалалық әкімшілік сотының шешімімен кінәлі деп танылған азаматқа 145 850 теңге көлемінде айыппұл салынды» - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, 6 қыркүйекте Азаттық даңғылында тоқтатылған «ВАЗ-2114» маркалы көлік жүрізген азаматта жүргізуші куәлігі болмаған. Оның басқаруындағы көлік құралы арнаулы тұраққа қойылған. Ал, көлік жүргізуге құқығы жоқ 20 жастағы жігітке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 612-бабының 2-бөлімімен әкімшілік хаттама жасақталып, 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын көлігіне ксенон таққан 800-ден астам атыраулық жүргізуші жазаланған болатын.


Соңғы жаңалықтар