Атырауда бір аптада ғана 20 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 1-7 маусымда 20 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізушінің бәрі мас күйде көлік руліне отырған.

«Патрульдік полиция қызметінің инспекторлары сондай жүргізушінің бірін 3 маусым күні сағат 11:20 шамасында ұстады. Жүргізуші Атырау қаласындағы З.Қабдолов көшесінде «ВАЗ – 2114» автокөлігін жүргізіп келе жатқан. Тексеру кезінде 38 жастағы жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені анықталып, медициналық сараптамаға жеткізілді. Сараптама қорытындысымен жүргізушінің орта дәрежелі масаң күйде болғаны дәлелденді. Бір аптада осындай әрекетпен 20 жүргізуші анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Мас күйде көлік басқарған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқарғаны үшін) әкімішілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен жүргізуші 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Бір аптада ішімдік ішіп, көлік басқарған 20 жүргізушіге осындай жаза тағайындалды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғыны 100-ден астам айыппұлы бар көлікті сатып алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар