Атырауда Безымянный көліндегі оттегі мөлшері мен су тереңдігі тексерілді

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Безымянный көліндегі оттегі мөлшері мен су тереңдігі тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Орынбасар Әміржановтың мәліметінше, мүндай іс-шараның мақсаты – аталған көлде балықтың қырылуының алдын алу.

«Біздің инспекцияның инспекторлары «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкерлерімен бірге Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі Безымянный көлінің қазіргі жағдайына бақылау жүргізді. Тексеру кезінде Безымянный көліндегі судың жалпы температурасы – 21.7ºС, оттегінің орташа мөлшерінің есебі – 7.3 мг/дм3, сондай-ақ, су тереңдігі 2 метрге жуық екені анықталды», - деп мәлім етті Орынбасар Әміржанов.

Соңғы күндері Жайық өзенінің бір сағасы – Безымянный көліндегі су деңгейі түскен. Соған қарамастан, балықтардың қырылу дерегі тіркелген жоқ.

«Қазір Безымянный көлінде балықтардың қырылу фактісі тіркелмеді. Алдағы уақытта арнайы комиссия мүшелері шабақтарды құтқару жұмыстарын қолға алады. Сонымен қатар, көлдегі балықтарды Жайық өзеніне әлсін-әлсін жіберіп тұру жоспарланып отыр», - дейді Орынбасар Әміржанов.

Оның айтуынша, биылғы сәуір-мамыр айларында Безымянный көлінде балықтың қырылу фактісі тіркелген.

«Осыған орай арнайы коммисия құрылып, балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 65 келі өлі балық жиналып, санитарлық талаптарға сай көму жолымен жойылды», - деді инспекция басшысы.

Еске сала кетелік, 26 сәуірде Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі Безымянный көлінде балықтың қырылу себебі айтылғанын жазған едік.

Сол кезде «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары балықтың әлсіреген күйде қайраңға шығып қалғанын анықтады. Бұл балықтың қырылуына себеп болуы мүмкін екені айтылды. Әлсіреген балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Балықтардың уылдырық шашу орнына еркін кіруі үшін Қайыршақты округі аумағынан 800 метр канал қазылды. Каналдың тереңдігі – шамамен 1 метр.


Соңғы жаңалықтар