Атырауда бекіре тұқымдас балықтарды сатумен айналысқандарға үкім шықты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда заңсыз бекіре тұқымдас балықтарын сатумен айналысқан тұлғаларға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының №2 сотының үкімімен И.К., А.К., Н.Т. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 339-бабымен көзделген (жануарлардың сирек кезедесін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу) қылмыстық құқық бұзушылықты жасағандары үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Осы үкіммен И.К. ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігімен (ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық ету), А.К., Н.Т. ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігімен (ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу), Е.С. және К.Ж. ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігімен, 339-бабымен (жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу) тағылған айыптан олардың әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ болуына байланысты ақталды.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен И.К. 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтар айы аралығында Атырау облысы аумағында бекіре тұқымдас балықтарын және оның уылдырығын заңсыз сақтау және сатумен айналысу мақсатында құрамына Атырау қаласының және Атырау облысының тұрғындары А.К., К.Ж. және Н.Т., Е.С. кіретін қылмыстық топты құрғаны үшін айыпталды. Атырау қаласының №2 сотында қылмыстық істің қаралуы бірнеше айға созылып, нәтижесінде сот И.К., А.К., Н.Т.-ға ҚК-нің 339-бабымен, яғни жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысқан деген айыппен келісті", деп хабарлады Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметінен.

Айта кетелік, қылмыстық істі қарау нәтижесі бойынша тергеу кезінде жіберілген кемшіліктерге Атырау облысы прокуроры, Атырау облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы, Атырау облысы бойынша сот сараптама институты директорының назарын аударып, жекеше қаулы шығарылды.

Соңғы жаңалықтар