Атырауда «Бекет ата» кітабы ағылшын тілінде жарық көрді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «Болашақ» түлектері «Бекет ата» кітабын ағылшын тіліне аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

С.Өтебаев атындағы Атыырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, бұл идеяны аталған оқу ордасында жұмыс істейтін «Болашақ» бағдарламасының түлектері қолға алыпты.

Бірнеше шетел тілін білетін жастар Ақмешіт қорымына барғанда осындай шешімге бекінген.

«Ғажайып қасиетімен ел-жұрттың жадында жатталған абыздың бірі – Бекет ата. Оның адам таңданарлық ерекше қасиеті мен көрегендігі, сәуегейлігі мен сәулеткерлігі аңызға бергісіз әңгімелер желісі негізінде әлі күнге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Тарыққанға – демеу, жабыққанға жебеу болып, қиналғанда аруағынан медет сұраған жанның тілегін қабыл еткен Бекет атаның сан қырын кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін кітап жазған едім» -дейді Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымында ұзақ жыл шырақшы болған Ислам қажы Мырзабекұлы.

Шырақшының «Бекет ата» кітабы ағылшын тіліне аударылып, жарыққа шықты. Шекспир тіліндегі 300 беттік кітаптың таралымы – 1000 дана.

«Мақсатымыз – ұлттық құндылықтар мен асыл мұраларымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге үлес қосу. Өйткені, Ұлы дала тарихы – халқымыздың мәңгілік мұрасы. Сол себептен, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап қана қоймай, бабалардан жеткен шежірелі тарихымызды өзге тілде насихаттауды парызымыз санадық», -дейді Гүлзада Шакуликова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жазушы Рақымжан Отарбаевқа арналған кітап таныстырылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар