Атырауда бәстесуден ұтылған жасөспірім полицияға жалған хабар берген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өзара бәстесуден ұтылған жасөспірім полицияға жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 25 сәуірде сағат 01:00 шамасында Аймұрат есімді тұрғыннан «Жұлдыз» шағынауданында төбелес болып жатқаны жөнінде хабар түскен.

«Полиция қызметкерлері шағын ауданды тексеріп, төбелес болмағанын анықтады. Кейін белгілі болғандай, кәмелетке толмаған үш жасөспірім өзара бәстесіп, ұтылып қалған 15 жастағы бала Аймұрат деген жалған есіммен полицияға хабар берген. Үш жасөспірім хабар берген уақытта, түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде болған. Олардың бұрын дәл осындай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жалған хабар берген 15 жастағы жасөспірімнің ата-атасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 438-бабының 3-бөлімімен (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру, осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер), 442-бабының 3-бөлімімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, үш жасөспірімнің ата-анасына 442-бабының 3-бөлімімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері көлік тізгіндеген 15-ке жуық жасөспірім ұсталғаны https://kaz.inform.kz/news/atyrauda-zhyl-basynan-beri-kolik-tizgindegen-15-ke-zhuyk-zhasospirim-ustaldy_a3918982 хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар