Атырауда балықтардың қырылуы: Жайық суы халыққа қауіпсіз

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау қаласында Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуына қатысты арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, оқиға себебін анықтау және оның салдарын жоюға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызға белгілі, аталған дерек бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Өлген балықтар мен өзен суының сынамалары, басқа да қажетті сынамалар республикалық ветеринарлық зертханаға және облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жіберілді. Балықтың қырылуы туралы алғашқы деректер «Атырау жылу орталығы» АҚ сорғы стансасы орналасқан Перетаска тармағында анықталды. 1 мың келіден астам өлі балық жиналып, «Надежда1» ЖШС-не сақтауға берілді. Бақылау кезінде өлген балықтардың механикалық жолмен жарақаттанғаны белгілі болды»,- деді Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 336-ыншы және 328-баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Қазір балық өлімінің салдарын жоюға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жұртшылықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе - өзен суының қауіпсіздігі.

«Қазіргі жағдайды айтсақ, балық өлімінің жаңа деректері тіркелген жоқ. Балық сататын барлық нысандарға қатаң бақылау орнатылды, Жайық өзенінің жағдайы мен су сапасы тұрғындарға қауіп төндірмейді,балықтың жаппай қырылу себептері анықталып жатыр», - деп атап өтті Артур Сәдібекұлы.

Өзен суы еш қауіп тудырмайтындығын облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшылығы да айтып отыр.

Департамент басшысының орынбасары Ерболат Уайысовтың атап өтуінше, балықтардың қырылу себептерін анықтау үшін Ұлттық сараптама орталығы Атырау облыстық бөлімшесінің мамандары Жайық өзенінен 40 сынама алған.

«Судың химиялық көрсеткіштеріне, улы химикаттарына, микробиологиялық көрсеткіштері мен  паразиттігіне тексеру жүргізілді. Зертхана жұмыстарының қорытындысы бойынша су құрамында рұқсат етілген шекті мөлшерден ауытқу байқалмады. Сондықтан өзен суы тұрғындар үшін қауіпсіз», -деді Ерболат Уайсов.

Бүгінде Жайық өзенінен өлген балықтар түгелімен жинап алынды. Олардың жалпы салмағы үш тоннаға жуық. Балықтардың қырылуы «Луговой жылқы зауыты» Атырау бекіре өсіру зауытында да тіркелгенін айта кетейік.

Ветеринар мамандар балық өнімдерін кез келген жерден және жеке сатушылардан сатып алмауға кеңес беріп отыр.

«Теңіз балықтары мұнда жоқ. Өлген балықтар қалған балық қорына залал келтірмейтінін ресми мәлімдеймін. Балық ауырған жоқ, ауру жұқтырған жоқ»,- деді "Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС директоры Ерболат Қадимов.

Атырау облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес өзенге су төгетін төрт мекемеге тексеру жүргізілуде. Оның қорытындылары аймақ жұртшылығына жарияланатын болады.

Атап өтілгендей, егер тұрғындар аталған іс бойынша жаңа деректер анықтаған жағдайда 27 09 68 телефон нөміріне хабарласа алады.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар