Атырауда балық қорына қол сұққандарға қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының полицейлері жыл басынан бері балық қорына заңсыз қол сұққандарға қатысты 57 қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер биылғы 6 айда балық қорын қорғауға қатысты құқық бұзушылықты төмендетуге қол жеткізген.

«Мұндай оң нәтижеге браконьерлік үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуы оң ықпалын тигізді. Сонымен бірге, карантин режимін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген іс-шараларға да байланысты болып отыр» дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның мәлім етуінше, жыл басынан бері жүргізілген профилактикалық іс-шаралар кезінде табиғат қорғау заңнамасы 337 мәрте бұзылған. Оның 305-і балық қорына қол сұғуға қатысты болған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері 57 қылмыстық іс қозғаған. ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 383-бабымен 276 хаттама толтырылған.

Құқық бұзушыларға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 1,5 млн теңгеден астамы өндірілген. Заңсыз сауда айналымынан 9 тоннадан астам балықты тәркіледі. Оның ішінде бекіре тұқымдас бағалы балықтың 999 келісі бар. Сондай-ақ, 284 ау мен 2 қайық бар.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау полициясы жарты тоннадан астам бекіре тиеген көлікті ұстаған еді.

Соңғы жаңалықтар