Атырауда балаларының көзінше ішімдік ішкен әйелдің құқығы шектеледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда балаларының көзінше ішімдік ішкен әйелдің құқығы шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21-23 сәуірде «Жанұя және бала» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген.

Іс-шара кезінде ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары «жайсыз отбасы» санатында есепте тұрған тұлғалардың тұрмыстық жағдайын зерделеп, түсінік жұмысы жүргізілген.

«Мәселен, 21 сәуір сағат 16:00 шамасында Атырау қаласының тұрғыны 102 операторына хабарласып, Сарайшық көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын жастағы әйелдің кәмелетке толмаған балаларының тәрбиесімен айналыспай жүргені туралы хабар берген. Аталған деректі тексеру кезінде 1976 жылы туған азаматшаның кәмелетке толмаған балаларының көзінше алкогольді ішімдік ішіп, бала тәрбиесімен айналыспағаны анықталды. Бұл әйел биылғы қаңтарда «жайсыз отбасы» есебіне алынған. Оның тәрбиесінде 12 және 17 жастағы балалары бар. Осы уақытқа дейін әйел дәл осындай әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Балаларының тәрбиесіне кері әсер ететін іс-әрекеттерді жасап, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу мен оқытудағы ата-аналық міндетін орындамаған әйелге ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабының 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылған.

Енді жинақталған іс-құжаттар аталған азаматшаның ата-аналық құқығын шектеу туралы ұсыныспен шешім қабылдау үшін Атырау қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолданады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жоғалған 8 жасар қыздың мектепте оқымағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар