Атырауда балаларды оңалту орталығы ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты республикалық форум өтті. Оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты», деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Аталған форум аясында Елбасы қорының қолдауымен Атырау облыстық балалар ауруханасы жанынан балаларды оңалту орталығы пайдалануға берілді. Айталық, мұндай оңалту орталығы өңірде бұрын болмаған.

Оңалту орталығы – ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге бағытталған Елбасының «Қамқорлық» әлеуметтік-маңызды бастамасының бір бөлігі. Бұл ғимарат балалардың дене, ақыл-ой қабілеттерін дамыту, оларды практикалық өмірлік дағдыларға үйрету сияқты маңызды міндеттерді шешуге ықпал етпек.

Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықтың көмегіне жүгінушілерге 21 маман медициналық оңалтудың 2-3 кезеңі бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ мұнда айына 50 бала, жылына 600 баланы қабылдау көзделіп отыр. Балаларға көрсетілетін оңалту курсы 21 күннен тұрады.

Шара соңында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов «Ел үміті» шеңберінде «Мың бала» ұлттық олимпиадасы мен «Елбасы медалі» жобаларына қатысып ең үздік деп танылған жеңімпаздарды марапаттады. Оларға ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы қоры мен «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының атынан арнай медаль мен ноутбук табыс етілді.

Айта кетейік, «Елбасы медалі» жобасына облыс бойынша 332 адам қатысып, оның 30 қатысушы «Қола медаль» деңгейі бойынша марапатталды.

Ал, «Мың бала» ұлттық олимпиадасының қорытындысымен 49 оқушы жеңімпаз болып шықты. Олар өз білімдерін жергілікті жердегі дарынды балаларға арналған мектептерде әрі қарай жалғастыру мүмкіндігін алды.

Еске сала кетейік, олимпиаданың І кезеңіне 12 470 атыраулық оқушы қатысқан болатын.


Соңғы жаңалықтар