Атырауда балалар мен жүкті әйелдерге Рfizer вакцинасын салу басталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырауда балалар мен жүкті әйелдерге Рfizer вакцинасын салу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін, 20 қарашада Рfizer вакцинасын Атырау қаласындағы Ф.Досымова атындағы №12 орта мектептің 10 және 11-сыныбында оқитын 6 оқушы салдырған. Вакцина алған оқушылармен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова кездесті.

«Еліміздің барлық өңірінде балаларға, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Кеше Атырау облысына аталған вакцинаның 32 760 дозасы жеткізілген еді. Бүгін міне, мектеп оқушылары мен жүкті және бала емізетін әйелдер ектіре басталды. Елімізде де, өңірде де вакцинаның алудың нәтижесінде ұжымдық иммунитет қалыптасып, инфекция жұқтырған науқастардың саны азайып келеді», - деді Бақытгүл Хаменова.

Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Геолог елді мекеніндегі емханада 12 адам Pfizer вакцинасын алды. Солардың қатарында биология пәнінің мұғалімі Ольга Петрованың немересі де бар.

«Биылғы 1 ақпанда тұрғындарды жаппай вакциналау басталғанда, өзім алғашқылардың қатарында екпе алған едім. Енді міне, бүгін немеремді вакцина салдыруға арнайы ертіп келдім. Биология пәнінің мұғалімі ретінде коронавирус инфекциясының таралуын вакцина салдыру арқылы ғана тежеуге болатынын жақсы білемін. Сондықтан, тұрғындар вакцина алудың маңызын балаларына да түсіндірсе екен» -дейді Ольга Петрова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өңірде Рfizer вакцинасын алатын 12 мен 18 жас аралығындағы балалар саны 63 138 адамды құрайды. Ал, бала емізетін және жүкті әйелдер саны – 35 362. Оның ішінде 70 пайызында, 76 мың адамда коронавирус инфекциясына қарсы екпе алуға қарсы көрсетілім жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына Рfizer вакцинасының 32 760 дозасы жеткізілген болатын.



Соңғы жаңалықтар