Атырауда​ балалар ауылының директоры жұмысынан шеттетілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры уақытша жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық білім​ басқармасы басшысының бұйрығымен отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева атқаратын қызметінен тергеу жүргізу кезінде уақытша шеттетілген.

«Балалар үйі тәрбиеленушілерінің өтінішінен кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабымен («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу аяқталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін директордың жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
«Балалардың құқығын шектеу деген мәселе туындамауы керек. Біз бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Қазір облыстық білім басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамындағы психологтар әр баламен жеке әңгімелесіп, тексеру жүргізіп жатыр. Балалардың психологиялық жағдайына баға беріледі. Педагогикалық құрамның тәрбие жұмысына сараптама жасалады. Арнайы комиссияның тексеру қорытындысы туралы кейін хабарлаймыз», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда балалар үйіндегі ұрып-соғу дерегін арнайы комиссия тексеріп жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар