Атырауда балалар алаңында екі жасөспірім сыра ішкен

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда балалар алаңында сыра ішкен екі жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 қыркүйекте сағат 20:55 шамасында 102 операторына қала тұрғыны «Нұрсая» шағын ауданындағы бала ойнайтын алаңда жасөспірімдер ішімдік ішіп отырғаны туралы хабар берген.

«Ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері тексеру кезінде 2006 және 2007 жылы туған екі жасөспірімді медициналық сараптамаға апарды. Сараптаманың қорытындысымен жасөспірімдердің алкоголь ішімдік ішкені анықталды. Сыра ішкен 14 және 15 жастағы жасөспірімге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-бабы 2-бөлігімен (он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға мас күйде келуі, олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олардың ата-анасына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде қыдырып жүрген 30-ға жуық жасөспірім анықталған. Олардың ата-анасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабымен (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кішкентай балаға оқ атқан екі жасөспірім ұсталған болатын.


Соңғы жаңалықтар