Атырауда бала кезінде концлагерь тұтқынында болған кейуана дауыс берді

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бала кезінде концлагерь тұтқынында болған кейуана дауыс берді. Биыл 92 жасқа толатын Екатерина Абсатырова үш баласынан 2 немере, 1 шөбере сүйіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласындағы «APEC PetroTechnic» колледжінде орналасқан №90 учаскелік сайлау комиссиясыны мүшелері Екатерина Абсатырованың үйіне сайлау бюллетені мен жәшігін алып барды.

«Менің балалық шағым соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Отбасымызбен концлагерь тұтқыны болдық. Тұтқындағы кездерім әлі де түсіме енеді. Қиындықты жеңуге тырыстық. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірді көрдім. Міне, бүгін мен де елдің келешегі үшін дауыс бердім. Қазақстанның өркендей беруі үшін үлесімді қостым. Елімізде бірлік, ынтымақ болсын. Бейбіт өмірге ештеңе жетпейді», -дейді концлагерь тұтқыны болған кейуана.

Ол 1941 жылы әке-шешесімен, бауырларымен бірге концлагерьге түскен. Кейін 1944 жылы тұтқыннан босап шыққан. Атыраудың тумасы Вагаф Абсатыровқа 1950 жылы тұрмысқа шығып, 1968 жылы мұнайлы шаһарға көшіп келген.

«Менің бір ғана тілегім бар. Бұл – бейбіт өмір. Бұдан былай соғыс өрті тұтанбағанын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғанын қалаймын. Бүгінгі ұрпақ жоғары білім алып, қиындықсыз, бақуатты өмір сүрсе екен», -дейді Екатерина Абсатырова.

Қазір ол 2 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов Тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен деген тілегін білдірген болатын.


Соңғы жаңалықтар