Атырауда Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қарала бастады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық сотында өңір әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін, 20 ақпанда Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты апелляциялық шағымды қарау басталды. Аппеляциялық шағым облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралуда», - деп мәлім облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы былтырғы 11 тамызда басталған еді. Айыптау актісі 55 беттен тұрды.

Былтырғы 15 қарашада үкім шығып, ол 7 жылға сотталды. Сот облыс әкімінің бұрынғы орынбасарын ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп таныды.

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салу, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», - делінген болатын сот үкімінде.

Сонымен қатар Б.Хаменова «Құрмет» орденінен айырылды. Ол сот залынан босатылды.

Кейін экс-шенеунік сот үкіміне аппеляциялық шағым түсіргенін жазған едік.

«Атырау қаласының №2 сотына Б.Хаменовадан, оның адвокаты И.Вранчевтан, У.Адамов пен оның адвокаты К.Адамовадан және А.Рысқалиевтың адвокаты Н.Жолболовтан апелляциялық шағымдар түскенін хабарлаймыз», - деп хабарлаған еді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар