Атырауда бақылау камерасының көмегімен 186 қылмыс ашылған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда биылғы 9 айда бақылау камераларымен 186 қылмыс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, биылғы жылдың 9 айында 759 сыртқы бақылау камералары арқылы 186 қылмыс ашылған.

Сондай-ақ, жол жүру қағидаларын бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін «Сергек» аппаратық-бағдарламалық кешенінің 1224 камерасы қала аумағындағы автокөлік жолдарының 153 желілік учаскесіне және 51 реттелетін көше қиылысына орнатылған.

«Сергек» бейнебақылау камералары арқылы жолда жүру ережелерінің бұзылуы пошта байланысымен, СМС хабарламалары арқылы көлік иелеріне жеткізіледі. Хабарламаны алған соң 7 күн ішінде айыппұлды төлеуші көрсетілген соманың 50 пайызын төлеуге мүмкіндік алады. 10 қыркүйекте іске қосылған құрылғының көмегімен осы кезге дейін 6006 жол жүру қағидаларын бұзған құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушыларға 42 млн теңгеден астам көлемінде айыппұл салынып, 8 млн 590 мың теңгесі өндірілді» -деді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, интернет арқылы жасалатын қылмыс түрлері былтырғыдан 31 пайызға өскен. Интернет алаяқтық қылмыстың төрттен бірін құрап отыр.

Комиссия отырысында көлік қозғалысы, жол-көлік оқиғаларының себебі қозғалды. Өйткені көлік қозғалысының артында адам тағдыры тұр.

Қазір облыстық маңызы бар автокөлік жолының жалпы ұзындығы - 838 шақырым.

«Биылғы 9 айда облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тапты. Ал, 12 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Атырау қаласы аумағында былтыр 136, биылғы 9 айда 87 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының азаюына елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеу шаралары ықпал етті. Сонымен қатар, жолдардың кеңейтілуі, көшелердің жарықтандырылуы мен бағдаршам құралдарының орнатылуы септігін тигізді»,- деді Қамза Үмбетқалиев.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов әр азаматтың амандығы маңызды екеніне тоқталып, тиісті органдарға қауіпсіздікті арттыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар