Атырауда айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілерден 16 млн теңге өндірілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілерден 16 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 7 маусымнан бері «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Атырау қаласының аумағында жыл басынан бері айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілер анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес 800-ден астам автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Автокөлік жүргізушілерінің төленбеген 30 млн теңгеге жуық айыппұлы бары анықталды. Ал 7 маусымнан бері өткізіліп жатқан «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 400-ге жуық көлік жүргізушісінен 16 млн теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынды. Айыппұлы төленбегені үшін 287 автокөлік арнаулы тұраққа жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда айыппұлын төлемей жүрген 134 борышкерден 2 млн теңге өндірілгенін хабарлаған едік.

Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары 30 мамырдан бері айыппұлын төлеуден жалтарып жүрген 134 тұрғынды анықтады. Олардан жалпы 2 млн 72 мың 189 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

«Қазір айыппұл төлеу әдісі жеңілдеді. Айыппұлды электрондық үкімет порталының көмегімен онлайн режимінде, екінші деңгейдегі банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімшелерінде, сондай-ақ мобильді қосымшалар арқылы төлеуге болады. Осы орайда Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтарын әкімшілік құқық бұзушылық жасамауға, ал егер құқық бұзушылық тіркелген болса, әкімшілік айыппұлды уақытында төлеу қажеттігін ескертеміз», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар