Атырауда айыппұлы төленбеген шетелдік тіркеудегі көліктер арнайы тұраққа жеткізілуде

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 900 мың теңгеден астам айыппұлын төлемеген жүргізуші ұсталды. Оның көлігі айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, айыппұлын төлемей жүрген жүргізуші кеше, 15 наурызда ұсталған.

«Атырау қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері жергілікті уақытпен 12:55 шамасында «Interceptor» іздеу жүйесі арқылы Грузия Республикасында тіркеуде тұрған «Chevrolet» маркалы автокөлігінің қозғалыс бағытын анықтады. Өйткені, бұл көліктің жүргізуші бірнеше айыппұлын төлемей жүрген борышкерлердің тізімінде тұр. Сол себептен, патрульдік полиция көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің төленбеген 37 айыппұлы бары белгілі болды, көлемі 900 мың теңгеден асады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Ал автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

«Полиция қызметкерлері өзге адамдардан көлік сатып алу кезінде бірнеше мәселеге назар аударуды ескертеді. Бұл біріншіден, сатып алатын автокөлікті тексеру қажеттілігін, екіншіден, көлік құжатының дұрыстығын қадағалау керек. Бұрынғы иесінің төленбеген айыппұлы бар-жоғын ескерген жөн», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан 54 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам көз жұмғанын хабарлаған едік.

«Жыл басынан бері облыс аумағындағы тасжолдарда 54 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 24 адам көз жұмып, 75 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының бәрі жүргізушілердің жолаушылардың қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болған», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ерлан Биғамбаев.


Соңғы жаңалықтар