Атырауда әйел екі қызын жалдамалы пәтерде қалдырып, өзі кетіп қалған.

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында 35 жастағы әйел екі қызын жалдамалы пәтерге тастап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, еш жерде жұмыс істемейтін әйел 2019 жылдан бері қаладағы Тельман көшесінде пәтер жалдап тұрған. Жақында сол әйел 5 және 3 жасар қызын жалдамалы пәтерде қалдырып, өзі кетіп қалған.

«Бұл туралы полицияға әйелдің Ақтау қаласында тұратын 18 жастағы үлкен қызы хабарлады. Анасы оған қоңырау шалып, жалдамалы пәтердегі екі сіңлісіне қарауды тапсырған. Арада бірнеше күн өткенмен, балалардың анасынан хабар болмады. Ал оны танитындар соңғы рет 5 қарашада Дүтбаева көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінен көрген», - деді Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев.

Полицейлер тексеру кезінде бұдан бұрын бұл әйелдің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтаған. Оның балалары бейімдеу орталығына орналастырылғаны белгілі болған.

«Қазір екі қыз бала қайтадан бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал, балаларын тастап кеткен әйелге қатысты жинақталған құжаттар ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселені қарау үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді», -деді Ерлан Биғамбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түнгі тыныштықты бұзған 1,5 мың адам жауапкершілікке тартылған болатын.



Соңғы жаңалықтар