Атырауда аязға қарамастан көшеге 700 көшет егілген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласындағы көшеге аязға қарамастан 700 көшет егілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыған байланысты әлеуметтік желіде видео жарияланған. Видео авторының айтуынша, 28 қараша күні ауа температурасы 0 градустан төмен болған. Соған қарамастан Атырау қаласындағы М.Баймұханов көшесіне ағаш көшеттері егілген.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, «Бақдәулет», «Аяулым» шаруа қожалықтары 30 қарашада облыс орталығындағы М.Баймұханов және Махамбет көшесінде күзгі абаттандыру аясында көшет егу жұмыстарын аяқтаған.

«Қараша айында М.Баймұханов, Махамбет көшелерінде бұрын төселген өрнектас, құрылыс құмы, қиыршық тас, бетон және асфальт қалдықтарын қазып алынды. Содан кейін көгалдандырылған аумақтарға өсімдік топырағы әкелінді. Дайындалған 700 шұңқырға 700 түп жергілікті көшет егілді. Мердігер көшеттерді суаруға «Биомелиорант Антизор» және «Биомелиорант Салмақ» сұйық тыңайтқыштары, сондай-ақ құс саңғырығы қосылған органикалық тыңайтқыштар пайдаланды», -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Аяулым» шаруа қожалығы Талқайраң ауылындағы тәлімбақта пирамидалық теректің 350, шағанның 350 түп көшетін өсірген. Көшет тәлімбақтан алдын ала топырағымен бірге қазып алынған. Шаруа қожалығының жетекшісі Назгүл Жұмекееваның айтуынша, Атырау қаласында 0-ден -10 градусқа дейінгі төмен температурада жапырақты және қылқан жапырақты ағаш көшетін егуге болады.

«Өсімдік тамыры мұндай салқындықта өлмейді. Керісінше, көктемгі сәуір-мамыр айларында көшеттер бүр жарады. Біздің шаруашылығымыздың орындаушы ретінде кепілдігі бар. Біз 28-29 қарашасында егілген 700 көшеттің бүр жарып өсуіне толық жауапты боламыз. Көктемде көшеттер өспей қалса, біздің шаруашылықтың өз қаражаты есебінен қайтадан егіледі», -дейді Назгүл Жұмекеева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда екі кәсіпорынға ауаны ластағаны үшін 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар