Атырауда ауыл әкімі трактормен көшедегі қарды күреп жүр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ауыл әкімі трактормен көшедегі қарды күреп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде Атыраудағы ауыл әкімінің трактормен қар күрегені туралы видео тарады. Трактор рульінде – Дамбы ауылының әкімі Ұзақбай Байзуллин.

«Мен кәсіби механизор емеспін. Бірақ, өзімді тәжірибелі жүргізушімін дей аламын. Көлік жүргізуші мамандығын меңгергенмін. 1980 жылдан бері көлік жүргізіп келемін. 1949 жылы туған ағам Бисенбай ауылдағы Амангелді атындағы колхоздың маңдайалды тракторшысы, әрі көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі болған. Қазақтың ұлттық аспабы – домбыра шертеді. Мектептің 3-4 сыныптарында оқып жүргенімде, тракторын үйдің алдына әкеліп қоятын. Сол кезде техникаға қызығушылығым оянды», -дейді Қзақбай Байзуллин.

Оның айтуынша, 8 ақпан күні трактордың рульіне отырып, күні бойы ауыл көшелерін қардан тазартқан.

«Әрине, қар күреудің қиындығы бар. Сол себептен, алдымен траткор жүргізушісінен қарды қалай күрей қажеттігін сұрап алдым. Кейін трактор рульлге отырдым. Менің ойымша, әр азамат елге қызмет етуі қажет. Қар жауып, көлік қозғалысы қиындыған кезде қол қусырып отыра алмадым» дейді Ұзақбай Байзуллин.

Видео авторы да, пікір қалдырушылар да ауыл әкімінің бұл ісіне ризашылығын білдіріп жатыр. Ал, Ұзақбай Байзуллиннің өзі бұған назар аудармағанын қалайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындағанын хабарлаған болатынбыз.

Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар