Атырауда аулада жүрген балаларға жағдайдың қауіпті екенін коронавирус қуыршақтар ескертті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирус қаупін ескертетін өзгеше тәсіл ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, карантинге қарамастан, аулада, алаңдарда балалар ойнап жүр. Сондықтан, ата-аналарға ой салу үшін коронавирус кейпіндегі қуыршақтарды қолдануды жөн көрген.

«Балалардың денсаулығын сақтау үшін осындай тәсіл арқылы ата-аналарды ойландыруды жөн көрдік. Қауіпті инфекция балаларыңызбен бірге аулада «ойнап жүруі» мүмкін. Балалар даладан жұқтырып, үйге алып келуі ықтимал. Балалардың шоғырланған жеріне коронавирус кейіпіндегі қуыршақтар барады» - дейді Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов.


Осы сәтті кейбірі тосырқап қашқақтаса, кейбірі елігіп ойнағысы келеді. Сол сәтте дауыс зорайтқыш іске қосылады.

«Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың тағдырымен ойнамаңыздар. Оларды қауіп-қатерге итермелемеңіздер. Одан да балаларға қорған болыңыздар. Коронавирус індеті әлемде талай баланың ажалына айналды. Көзге көрінбейтін қатер жаныңызда жүруі әбден мүмкін. Балаңыз коронавирустың келесі құрбанына айналмасына кім кепіл?! Карантин – далада ойнайтын уақыт емес, үйде қауіпсіздікті ойлайтын уақыт. Балаларыңыздың, отбасыңыздың амандығы үшін үйде отырыңыз, үйде ойнаңыз. Карантин біткенше шыдаңыз. Бұл –сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жасалған шешім. Тәртіпке бағынып, сабырлы болыңыздар»! деген сөздер айтылады» - дейді Берік Жәменов.

Ұйымдастырушылар осындай тәсіл арқылы ата-аналарды ойландыратынына сенеді.


Соңғы жаңалықтар