Атырауда әуесқой боксшылар үшін мотивациялық турнир өтті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда әуесқой боксшыларға арналған «Болаттай батыр бол!» мотивациялық турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы «Атырау» спорт кешенінде бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО-ның 5 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Барселона олимпиадасының қатысушысы, Атырау облысының құрметті азаматы Болат Теміровтің жүлдесіне арналған «Болаттай батыр бол!» атты мотивациялық турнир өтті.

«Мұндай спорттық іс-шаралар жастардың спортқа қызығушылығын, салауатты өмір салтын ұстану көзқарасын қалыптастырады. Атырау облысы спортының дамуына серпін беріп, жаңа чемпиондардың шығуына себепші болары хақ. Қазір өңірде бұқаралық спортпен 277 248 адам айналысады. Бұл – облыс тұрғындарының 40 пайызы», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Алғашқы мотивациялық турнирге Болат Теміровпен бірге UFC-ден жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Хабиб Нурмагомедов, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы Ислам Махачев, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, карате шидоканнан әлем чемпионы Айдар Махметов, NFC президенті Нұрбек Қарабала арнайы шақырылды.

Турнирде Астана, Ақтау, Атырау қалаларынан 20 әуесқой боксшы бақ сынады. Әр салмақта өткен тартысты дода нәтижесінде Мейірлан Әсет, Жасұлан Қазалиев, Джахар Шафхатов, Айбек Идрисов, Абылай Бітімов, Жандос Қайратов, Бекзат Бітімов және Асылхан Ұзақбаев жеңіске жетті.

Еске сала кетелік, бұған дейін UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов атыраулық жанкүйерлерімен кездескенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар